Руслан Берденов денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмады

Фото: Татьяна Корякина

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Сот ашық форматта өтіп жатыр.

Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі басталды. 

Сот жәбірленушінің сот отырысына жеке қатысуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Алайда бүгін Руслан Берденов сот залында жоқ. Оның ресми өкілі Берденовтің қазіргі уақытта ауруханада жатқанын мәлімдеді. Ол аяқ пен кеуде тұсындағы ауырсынуға шағымданған. Тамыз айында оған қайта ота жасалуы жоспарланып отыр.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Айыпталушы Ернар Жиембай 30 жасқа дейін ешкімге зиян келтірмегенін айтып, Руслан Берденовтің сотқа қатысуын қамтамасыз етуді сұрады.

Берденовтің өкілі оның сот процесіне онлайн қатысу мүмкіндігін анықтауы тиіс.

Бүгінгі сот отырысы аясында айыпталушы Ернар Жиембайдың жұбайы Луиза да куә ретінде сұралмақ.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

31 жастағы Ернар Жиембайға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылып отыр: 24-баптың 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 99-баптың 1-бөлігі («Адам өлтіру»).

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Алдын ала тыңдау барысында Жиембай істің алқабилердің қатысуынсыз, судьяның жеке қарауында өтуін талап етті. Сондай-ақ ол сот залында өзінің бейнежазбаға түсірілуіне қарсы екенін мәлімдеді. Айыпталушының мүддесін төрт адвокат, оның ішінде әкесі де қорғап отыр.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысқа себеп болған — Жиембайдың «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен босатылуы. Бұл туралы өтінішті Руслан Берденовтің өзі емес, құрылыс нысандарын мониторингтеу бөлімінің басшысы жеткізген. Осыдан кейін, айыптаушы тараптың мәліметінше, Жиембай алкоголь сатып алып, оны көлігінде ішкен. Артынша әкімдік ғимаратына қайта оралып, аңшы мылтығымен Руслан Берденовке бес рет оқ атқан.

Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.

Ал 25 сәуірде шенеунікке оқ атқан күдіктінің әкесі мәлімдеме жасады.

Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.