Руслан Берденов ісі: Куәгер Ернар Жиембайға тәртіптік жаза қолданылмағанын айтты

Коллаж: Kazinform/ Canva/ Wikipedia/ Gov.kz

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте кәсіпкер Руслан Берденовке жасалған қастандыққа байланысты қылмыстық іс бойынша сот тыңдалымы жалғасып жатыр. 

Кезекті процессте куәгер ретінде Шымкент қалалық құрылыс басқармасының құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков пен қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың көмекшісі Талап Рахымбердиевтің жауабы тыңдалды.

Куәгер Кенжебековтың айтуынша, оқиғаға дейін құрылыс басқармасының басшы орынбасары Ердәулет Әжібаев одан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембайдың өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған-жазбағанын сұрауды өтінген. 

– Мен Жиембайға хабарласып, арыз жазу мәселесін сұрадым. Ол «маған бір ай уақыт берілген еді, болды түсіндім» деп жауап берді, – деді Аманғали Кенжебеков.

Сондай-ақ ол жұмыста кадрлық іс құжаттар жүргізу өзіне жүктелгенін айтты. Ал, жалпы айыпталушы Ернар Жиембайға қатысты тәртіптік шара көру немесе жұмыстан босату жөнінде ешқандай тапсырма түспегенін жеткізді.

Мұнан соң, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың көмекшісі Талап Рахымбердиев тыңдалды. Ол Ернар Жиембаймен жиналыстарда бірнеше рет кездескенін, олардың арасында жанжал немесе ашық келіспеушілік байқамағанын атап өтті. Дегенмен бір жиналыста Жиембайдың слайд-презентациясы дайын болмай, техникалық қиындықтар туындағанын және киім үлгісінің ресми талапқа сай болмағанын жеткізді.

Куәгердің сөзінше, екінші кездесуден кейін Жиембай бірнеше рет Берденовпен тікелей сөйлесуді сұрап, телефон арқылы байланысқа шыққан. 

– Түсте звондаған кезде маған «Русланға берші телефонды» - деді. Мен оған субординация сақтауды, дұрыстап сөйлеуді ескерттім. Себебін «өзім сөйлесемін» - деп айтты. Соған қарамастан, ол қайта қоңырау шалып, Берденовтің үйіне баруы мүмкін екенін жеткізді, - деді куәгер.

Сот отырысында куәгер Жиембайдың жұмыстан кету туралы бір ай мерзім сұрағанынан хабардар екенін, оның себебін нақтыламағанын жеткізді. 

Іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз. 

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті. 

Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.