Руслан Берденов сотта жауап берді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот тыңдалымы жалғасып жатыр.
Бүгінгі сот процесіне жәбірленуші Руслан Берденов онлайн режимде қатысты.
Ол өз сөзінде полиграф арқылы да жауап беруге дайын екенін жеткізді.
— Ернар Жиембайды өмірімде небәрі үш рет қана көрдім. Оның екеуі — жұмысқа байланысты жиналыстарда, үшіншісі — маған оқ атқан сәті, — деді Берденов.
Ол алғашқы кездесуді былай сипаттады:
— Жиналысқа «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС башысы Ернар Жиембайды шақырғанбыз. Инспектор Асанбай мен Жиембай бірге келді. Бірақ Жиембай қаржының қайда жұмсалғаны, қандай мердігерлер жұмыс істеп жатқаны, қандай тендерлер өткізілгені, қанша үйге жұмыс жүргізілгені жөнінде нақты ақпарат бере алмады. Тіпті инспектор оған «мынаны айт, ананы айт» деп отырды. Кейін екеуі менің кабинетімде өзара дауласып кетті. Сол сәтте мен: «Біз сенімен мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймыз», — дедім. Ол: «Керек болса, жұмыстан шыға аламын», — деді. Мен де «Онда жұмыстан шыға сал» дедім. Осылайша жиналыс аяқталды.
Жәбірленушінің айтуынша, арада бір апта өткен соң инспектор Асанбай келіп, Жиембайдың қоңырау соғып, «біреуді өлтіремін немесе өзім өлемін» деп айтқанын жеткізген. Бірақ ол кезде Берденов мұны мән беретіндей жағдай деп санамаған.
Екінші кездесуінде Жиембай әкім орынбасарының кабинетіне өзі сұранып кірген.
— Ол менен «Бір екі бітпеген жұмысым бар еді, бір-екі айдан кейін жұмыстан кетуіме бола ма» деп сұрады. Қарсы болған жоқпын. Сондай-ақ, «Сіз — менің кумирімсіз, отбасымызбен үлгі тұтамыз» деді. Қолымды алып, қоштасып шықты. Сол кезде ешқандай дау-дамай болған жоқ, — деді Берденов.
Сонымен қатар ол киім үлгісіне байланысты да ескерту жасағанын атап өтті.
— «Этикет сақтамайсыңдар ма? деп бір ескерту жасадым. Себебі, джинсы мен ақ футболкамен келіп тұр. Әкімшілікке, әкімнің орынбасарына есеп беруге келіп тұрсыңдар, киім үлгісіне қарамайсыңдар ме деп ескерту жасадым, , — деді ол.
Берденовтің айтуынша, екі кездесуде де жанжал болмаған, куәгерлер де бар, ал сөйлескен әңгімелерді ресми кабинеттердегі техникалық жабдықтар арқылы да растауға болады.
— Екі кездесуде де ешқандай дау болмады. Бұл сөзімді полиграф арқылы, детектормен де айта аламын. Екінші кездесуіміз өте жақсы өтті. „Біз сізді көреміз, отбасымызбен қараймыз“, деп рахметін айтып шықты. Басқа артық әңгіме болған жоқ. Бірінші кездесуде куәгер Асанбай. Екінші кездесуде екеуіміз ақ болдық. Бірақ саяси қызметкер болғаннан кейін кабинетте техникалық жадықтар болады, оны да көтеріп көруге болады, — деді Руслан Берденов.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.