Руслан Берденов жақында ауруханадан шығатынын айтты

Фото: Фото: facebook.com/ Ruslan Berdenov

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM-Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

Қастандық жасалып, оқ тиген Руслан Берденов қазіргі жағдайын баяндады. Сондай-ақ, қиын сәтте қолдау білдірген көпшілікке алғыс айтты. 

Фото: facebook.com/ Ruslan Berdenov

- Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді, - деп жазды ол.

Сондай-ақ, Руслан Берденов 3 аптаға созылған ауруханадағы күндері аяқталып, күнделікті тіршілікке оралатын сәт таяп қалғанын жеткізді. 

Фото: facebook.com/ Ruslan Berdenov

- Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын, - деп жазды ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған болатын. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Ал дәрігерлер Руслан Берденовтың өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Жасалған ота да сәтті өтті.