«Заң жобасы ағымдағы жылы 2017-2019 жылдарға арналған трансферттер туралы заңның қолданысы аяқталуына байланысты әзірленді. Жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге бағытталған. Трансферттердің көлемі әдістемеге сәйкес есептелді. 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің мынадай ерекшеліктері бар. Бірінші - жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру. Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, екіншісі - өңірлердің ерекшеліктерін ескеру. Ол үшін жаңа коэффициенттер енгізілді. Бұл - мектептер шағын жинақтылығы, ауыл шаруашылығының әлеуетті өнімдерінің көлемі, аумақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі.
«Үшінші - жергілікті кірістердің өсу әлеуеті. Даму бюджетіне екі жаңа компонент енгізілді. Жергілікті бюджеттердің кірістері өскен жағдайда, даму бюджеті ұлғаяды. Үшжылдық кезеңде жалпы өңірлік өнімнің өсуі жылдамдаған жағдайда субвенциялы өңірлер қосымша коэффициенттер алады. Бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған шығыстар жалпы сипаттағы трансферттерге берілді. Бұл 2020 жылы 624 млрд теңге, 2021 жылы – 651 млрд теңге, 2022 жылы – 664 млрд теңге», - деді ол.
Министрдің дерегінше, жергілікті бюджеттердің жалпы шығыстарының көлемі 2020 жылы – 4,7 трлн теңге, 2021 жылы – 4,9 трлн теңге, 2022 жылы – 5,1 трлн теңге көлемінде айқындалды. Заң жобасында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, медициналық мекемелердің күрделі шығындарына және мектептерді салуға жергілікті атқарушы органдармен бағытталуы тиіс бюджет қаражатының ең төмен көлемі бекітіледі.
«Осыны ескере отырып жалпы сипаттағы трансферттер мынадай көлемде айқындалды: бюджеттік алып қоюлар: 2020 жылы – 420 млрд теңге; 2021 жылы – 451 млрд теңге; 2022 жылы – 490 млрд теңге. Бюджеттік субвенциялар: 2020 жылы – 2 трлн 104 млрд теңге; 2021 жылы – 2 трлн 121 млрд теңге; 2022 жылы – 2 трлн 125 млрд теңге. Осылайша, 2020-2022 жылдары 13 субвенциялық және төрт донор өңір анықталды», - деді Р.Дәленов.