Оның сөзінше, қауымдастық өкілдері Қазақстанның инвестициялық ахуалына сырт көзбен баға беріп, ел экономикасының жаңа моделінің негізгі бағыттарын саралаған.
– Біз Мемлекет басшысының экономикалық мәселелерге қатысты барлық сөздері мен мәлімдемелерін жинақтап, талдап шықтық. Нәтижесінде Қазақстан экономикасының жаңа негіздері мен даму бағдарлары айқын көрінді. Осы тұжырымдардың барлығын жүйелеп, қағазға түсірдік, – деді Рустам Жүрсінов.
Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының алдында тұрған негізгі тәуекелдердің бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесінің жоғары болуы. Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты ірі халықаралық институттар да бұл мәселені ел экономикасы үшін елеулі сын-қатер ретінде қарастырады.
– Бүгінде біз маңызды таңдау алдында тұрмыз. Мемлекеттік капитализмді қалыптастырамыз ба, әлде нарықтық экономиканы дамытамыз ба? Меніңше, Мемлекет басшысы экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығында бұл сұраққа нақты жауап берді. Бізге мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқартуға бағытталған нақты бағдарлама қажет, – деді ол.
Сонымен қатар қауымдастық басшысы макроэкономикалық ахуалға да тоқталды. Оның айтуынша, жүргізілген сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 78 пайызы Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясаты салдарынан банктік қаржыландыруға қол жеткізуде шектеулер бар екенін айтқан.
Осы ретте ол соңғы бірнеше отырыста байқалған оң өзгерістерді де атап өтті. Бұдан бөлек, инвестициялық ахуалды қалыптастыруда құқықтық ортаның сапасы мен инвесторлардың мемлекетке деген сенімі шешуші рөл атқаратынын жеткізді.
Рустам Жүрсінов инвестициялық ахуалдың негізгі құрамдас бөліктерін түсіндіру үшін қауымдастық өкілдері арнайы инвестициялық пирамида әзірлегенін айтты. Оның пікірінше, инвесторлар үшін ұсынылатын салықтық жеңілдіктер мен түрлі преференциялар инвестициялық саясаттың бастапқы негізі болмауы керек.
– Көп жағдайда инвестициялық ахуал туралы сөз болғанда, бірден салықтық жеңілдіктер мен преференциялар айтылады. Бірақ бұл – үйдің шатыры мен шатырасты бөлігі ғана. Үйді шатырынан бастап салмаймыз ғой. Ең алдымен, қандай экономиканы қалыптастыратынымызды анықтап алуымыз керек. Бұл – нарықтық институттары дамыған, әлеуметтік негізі берік қуатты мемлекет, – деді ол.
Қауымдастық басшысының пайымынша, инвестициялық шешім қабылдайтын кез келген инвестор үшін бірінші кезекте қаражат салатын елдің юрисдикциясында қауіпсіз жұмыс істеу мүмкіндігі маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, институционалдық ортаның үш негізгі шарты бар. Олар жеке меншік құқығын қорғау, ойын ережелерінің тұрақтылығы және дауларды әділ шешу.
– Инвестор үшін ең бастысы – меншігі қорғала ма, ережелер тұрақты бола ма және туындаған дау әділ шешіле ме деген сұрақтар. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 52 пайызы ойын ережелерінің жиі өзгеретінін айтқан. Ал дауды шешу кезінде кіммен соттасқаныңа қарамастан, егер сенің құқығың болса, әділ шешім шығуы керек. Бұл кез келген инвесторды алаңдататын негізгі мәселелер, – деді Рустам Жүрсінов.
Сондай-ақ ол жеке бизнестің мемлекетпен бәсекелесу мүмкіндігіне назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесі шамадан тыс жоғары болса, бұл жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді.
– Инвестор үшін тағы бір маңызды мәселе – мемлекет нарыққа кіріп, оны ығыстырып шығармай ма деген сұрақ. Сондықтан мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту мәселесіне байыппен әрі батыл қарау керек. Әсіресе жеке бизнес тиімді жұмыс істей алатын салаларда мемлекеттің тікелей қатысуын шектеу маңызды. Өйткені жеке кәсіпкер үшін мемлекетпен бәсекелесу өте қиын, – деді ол.
Сонымен бірге инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы үшін нарық көлемі мен өткізу мүмкіндіктері де ескерілуі қажет. Бұл ретте Қазақстанды ғана емес, Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінің ортақ нарығын қарастыру маңызды.
– Бүгінде біз тек Қазақстанның ішкі нарығын ғана емес, жалпы Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінің нарығын қарастырып отырмыз. Бұл 100 миллионнан астам халқы бар, ауқымы кең әрі сыйымды нарық. Демек, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер бар, – деп атап өтті қауымдастық басшысы.
Оның айтуынша, инвестициялық пирамиданың келесі деңгейінде жобаларды қаржыландыру және қайта қаржыландыру мүмкіндіктері, сондай-ақ оларды іс жүзінде жүзеге асыруға қажетті жағдайлар қарастырылуы керек.
Атап айтқанда, инвесторлар үшін жер телімдерінің қолжетімділігі, инфрақұрылымның дайындығы және өндіріс факторларына қол жеткізу мәселелері маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тиісті Жарлығында ауқымды инфрақұрылымдық құрылысты қолға алу қажеттігіне басымдық берілген.
– Жобаны жүзеге асыру үшін қаржыландыруды жоспарлауға, қажет болған жағдайда қайта қаржыландыруға мүмкіндік болуы керек. Бұдан бөлек, жер, инфрақұрылым және өндірістік ресурстар қолжетімді болуы қажет. Сондықтан Мемлекет басшысының экономиканы дамыту аясында ауқымды құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырғаны маңызды, – деді Рустам Жүрсінов.
Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау шаралары инвестициялық пирамиданың ең жоғарғы сатысында тұруы тиіс, яғни, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар инвестициялық ахуалдың іргетасын алмастыра алмайды. Алдымен құқықтық, институционалдық және экономикалық жағдай жасалуы қажет.
Сөз соңында Қазақстан инвесторлары қауымдастығы басқармасының төрағасы жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына қолдау білдірді.
– Біз Мемлекет басшысының жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі тапсырмасын құптаймыз. Өйткені Азаматтық кодекс – елдің өзіндік экономикалық конституциясы. Экономикалық қатынастардың негізгі қағидаттары, жеке меншік құқығын қорғау және осыған байланысты басқа да маңызды мәселелердің барлығы осы құжатпен тікелей байланысты, – деп түйіндеді Рустам Жүрсінов.
Айта кетейік, Қазақстанда шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізілуі мүмкін.