Рүстем Қабанбаев ИКАО аудиторы мәртебесін алған Орталық Азиядағы алғашқы маман атанды

Фото: Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас авиациялық инспекторы Рүстем Қабанбаев Румынияның Бухарест қаласында ИКАО-ның USAP-CMA бағдарламасы бойынша аудитор ретінде сертификат алды, деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі. 

Бұл – Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы атаулы оқиға. ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік аудиторларын даярлау курсы аясында Р. Қабанбаев өз кәсіби біліктілігін жоғары деңгейде көрсетіп, халықаралық авиациялық қауіпсіздік мониторингі жүйесінде Қазақстанды танытуға дайын екенін көрсетті.

Фото: Көлік министрлігінен

Казақстандық маман EUR/NAT өңіріндегі елдердің авиациялық билік органдарының өкілдері арасынан қатаң іріктеуден өтіп, ИКАО аудиторы мәртебесін алған Орталық Азиядағы жалғыз маман болды.

– Бұл жетістік – Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда маңызды қадам болып отыр. Ол елдегі азаматтық авиация моделін реформалау, сондай-ақ кейінгі 6 жылда қызметі жүйелі түрде жетілдіріліп келе жатқан Қазақстанның авиациялық әкімшілігін құру, авиациялық инспекторлардың кәсіби өсуі мен оқуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік берілгенінің нәтижесінде мүмкін болды.

Сертификатталған аудитордың болуы елге ИКАО-ның жаһандық мониторинг бағдарламасын іске асыруға белсене қатысуға, ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге және халықаралық стандарттарды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада. 

Аталған жетістік ел басшылығының Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы рөлін арттыруға бағытталған стратегиялық бағытына толық сай келеді және жаһандық авиациялық қауымдастықтың жоғары сенімін растайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстаннан әлемнің 31 еліне тікелей ұшуға болатынын жазған едік.