Рыбакинаның Цинциннатидегі турнирден шығып қалғаннан кейін WTA рейтингіндегі орны белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жеке және жұптық сындағы спортшы қыздар рейтингінің жаңарған нұсқасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: ktf.kz

Әлемнің бірінші ракеткасы атағы бұрынғыша польшалық Ига Швентекке тиесілі, екінші орында Беларусь өкілі Арина Соболенко тұрса, үздік үштікті америкалық теннисші Джессика Пегула түйіндеді.

Қазақстан өкілдерінің үздігі – Елена Рыбакина төртінші орында қалды. Елена кейінгі рет Цинциннатидегі «Мастерс» турниріне қатысып, жарақатына байланысты 1/8 финалда матчтан шығуға мәжбүр болды. Жақында Рыбакина Нью-Йорк қаласына келді, ол АҚШ ашық чемпионатына қатысады.

Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева бұрынғыша 79-орында тұр.

Жұптық сында бірінші орынды чехиялық Катержина Синякова ұстап тұр, екінші орында оның отандасы Барбора Крейчикова болса, аустралиялық Сторм Хантер үшінші қатарға көтерілді.

Қазақстандық жұптық сын шебері Анна Данилина екі сатыға төмендеп, 28-орынға тұрақтаған. Рыбакина бір орнын жоғалтып, 11-ші болып қалса, Жібек Құламбаева үш орын төмендеп, 178-ші орынға тоқтады.