Ржев қаласында қазақтар мен орыс жауынгерлерінің ерлігіне тағзым етіліп ескерткіш ашылды

САНКТ-ПЕТЕРБОР. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Ржевта 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадаларының жауынгерлеріне арналып мемориал ашылды.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына губернатор Дмитрий Зеленин, РФ Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары Олег Салюков, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жетекшілері, Тверь облысының өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды облыс үкіметінің баспасөз қызметі.

«Ескерткіштің Ржев жерінде ашылып отырғаны бекер емес. Іздеу жұмыстары кезінде 33 мыңға жуық кеңес әскерлерінің денелері табылып, қайта жерленді. Олардың арасында соғыс жылдары Отанын қорғаған көптеген бауырлас халықтардың, соның ішінде Қазақстанның өкілдері бар.

Біз қазақ бауырларын ең құрметті қонақ ретінде қабылдауға әрқашан да дайынбыз. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақ басшылығының тарихқа деген тамаша құрметін білеміз әрі бағалаймыз. Халықтарымыздың бірлігі, олардың ортақ ерлігінің құрметіне ескерткіштің ашылу салтанатында қазақ жерінен әкелінген капсула мемориалға қойылды», - деп атап өтті Тверь облысының губернаторы Дмитрий Зеленин.