С.Ахметов ҚОҚМ-ға 1 қыркүйекке дейін 2014-2015 жылдарға арналған квоталарды бөлудің Ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне 1 қыркүйекке дейін 2014-2015 жылдарға арналған квоталарды бөлудің Ұлттық жоспарын әзірлеуды тапсырды.

«Біздерге заңнамалық базаны жетілдіріп, 2014-2015 жылдарға арналған квота бөлудің Ұлттық жоспарын әзірлеу қажет. Айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауымдастықтарды тарта отырып, екі айлық мерзімде Үкіметке парникті газдар шығарындыларын реттеу саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныс енгізуді және 1 қыркүйекке дейін Үкіметке 2014-2015 жылдарға арналған квоталарды бөлудің Ұлттық жоспарын әзірлеп, енгізуді тапсырамын», - деді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Статистика агенттігіне квота бөлу және шығарындыларға квота сату жүйелеріне кәсіпорындардың толық қосылуын сараптап, сәйкес ақпаратты Үкіметке жіберуді тапсырды.

«Самұрық-Қазына» Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесіп, 2015 жылға дейін қор тобы компанияларын парникті газдар шығарындыларын басқару жүйесіне енгізуді қамтамасыз етсін», - деді С.Ахметов.