С. Ахметов Көлік министрлігіне жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар қызметтерді 100 пайыз электронды форматқа көшіруді тапсырды
11:26, 19 Наурыз 2013
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Көлік министрлігіне жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар қызметтерді 100 пайыз электронды форматқа көшіруді тапсырды.
Аталған ведомство басшысы Асқар Жұмағалиевтің атап өтуінше, мұндай қызметтердің саны 31. Оларды 100 пайыз электронды нұсқаға көшіру нәтижесінде тұрғындар мен бизнес өкілдерінен бұрынғыдай 40 млн. астам қағаз құжат талап ету қажеті болмайды.
«Көлік және коммуникация министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз электронды форматқа көшіруді тапсырамын. Рұқсат беру құжаттарын автоматтандыру бойынша жұмыстарды белсендендіру қажет. Білім және ғылым министрлігі электронды оқыту жобасын жүзеге асыруды жалғастыруы тиіс»,-деді ҚР Премьер-Министрі.