С.Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының орындалу барысы қаралды

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық кеңес өтіп, онда ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының 2012 жылы орындалу барысы қаралды.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысты ашқан С.Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде екі жылдан бері ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы іске асып жатқанын, оның аясында жоғары өнім беретін мал басын импорттау, фермерлік шаруашылықтарға аналық мал басын сатып алу үшін несиелер беру, мал бордақылау алаңдарын салу ісі жүріп жатқанын атап өтті.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өзінің баяндамасында бағдарламаға бизнестің белсенді қатысып жатқанын, ал мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру мен субсидиялауға қатысты барлық жағдай жасалып отырғанына тоқталды.

«Бағдарламада 2016 жылға дейін 72 мың асыл тұқымды мал басын импорттау көзделген. Мал басын тасу ісі жоспардан асыра орындалуда. Екі жыл ішінде жоспарланған 22 мың бастың орнына 30 мыңға жуық асыл тұқымды мал басы әкелінді. Жаңадан 60-қа жуық асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар құрылды», - деді АШМ басшысы.

Сондай-ақ, А.Мамытбеков барлық облыстардың «Сыбаға» бағдарламасын іске асыруға белсене атсалысып жатқанын атап өтті. Бұл орайда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары үздік шықты.

Сонымен қатар, экспортқа бағытталған мал бордақылау алаңдарының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Екі жыл ішінде 35 200 мал басына арналған алаңдар іске қосылды.

«Мал шаруашылығын дамытуға барынша қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Біз қабылдайтын 2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының аясында қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары қарастырылып отыр», - деді С.Ахметов.

«Біз қазіргі таңда жаһандық интеграциядамыз, Бірыңғай экономикалық кеңістікте, Кедендік одақтамыз, жақын арада ДСҰ-ға кіреміз. Біз өнімнің бағасы бойынша ғана емес, сонымен қатар сапасы бойынша да бәсекеге қабілетті болуға дайын болуымыз керек», - деп атап көрсетті ол.

Кеңес соңында С.Ахметов бағдарламаның орындалу барысы туралы бірқатар облыс әкімдерінің есебін тыңдап, бұл бағыт бойынша жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.