С. Ахметовтың Премьер-Министр қызметіне тағайындалуы Үкіметтің бүгінгі жұмысына берілген жоғары баға - М. Әбенов

АСТАНА.  24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үкіметтің жаңа басшысы бұрын қолға алынған индустриялық саясатты сапалы жалғастыратын болады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Премьер-Министр кандидатурасына Серік Ахметовті ұсынып, оны төменгі палата депутаттары бірауыздан қолдаған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірген депутат Мұрат Әбенов осылай мәлім етті.

«Менің ойымша, Президенттің ұсынысымен Серік Ахметовтің тағайындалуы бүгінгі Үкіметтің дұрыс бағытта жүріп келе жатқанын, атқарылып жатқан жұмыс сапасын бағалау деп есептеймін. Себебі, Үкімет басшысын жаңа қызметке ауыстырып, оны ауыстырар кезде қызметін бағалап, орынбасарын сол билікке әкелуінің өзінде үлкен мән жатыр. Жалпы бір басшыны жоғарылатып, оның орнына орынбасарын тағайындау осы саладағы жұмыстардың нәтижелі екендігін білдірсе керек», - деді Мұрат Әбенов. 

Оның айтуынша, жаңа Үкімет қолға алынған индустриялық-инновациялық саясатты жалғастыратын болады. «Индустриялық жобалардың, бағдарламаның 10-12 жылға межеленген уақыты бар. Соның жартысын Мәсімов Үкіметі бітіріп кетті. Ал С. Ахметов тура сол қарқынмен басталған істі сапалы аяқтайды деген үміт бар», - деді М. Әбенов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысып, онда  Елбасы Кәрім Мәсімовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын қолдау туралы бірауыздан шешім қабылдады.