С.Батырханованың өліміне қатысты сот отырысы 1 айдың көлемінде өтуі тиіс - СІМ

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - «Батырхановтардың жанұясы немересімен күніне 5 сағат кездеседі. Ал заң қорғаушымыздың айтуынша, бүгінгі күні сотқа қажет барлық құжаттар беріліп, сот отырысының өтуі күтілуде.

Сот отырысы шамамен бір ай ішінде болуы тиіс. Аталмыш іс Сыртқы істер министрлігінің ұдайы назарында»,-деді бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев журналистермен болған брифингте.

Оның айтуынша, 22 қаңтарда Қазақстан Республикасының  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Батырхановтар жанұясына бөлінген қаражаттың көмегімен және Қазақстанның Сингапурдағы Елшілігінің қолдауымен, Батырхановтар отбасын Квинсленд штатының Бризбен қаласына алып келген. Сол күні Қазақстанның Сингапурдағы Елшілігінің Консулы келіп, Сағынайдың ата-анасын оның ісін жүргізіп жатқан заң қорғаушы Кайли Перкинс ханыммен таныстырды.

«Келесі күні заң қорғаушы Сағынайдың ата-анасын немерелері Мануельге қарап жатқан жергілікті Бала қорғау ұйымының қызметкерлерімен кездестірді және Сағынайдың ата-аналарына өздерінің немерелерін күнделікті көріп тұруына қажетті шарттарды жасады»,-деді ресми өкіл.