С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегерлері анықталды - журналистер арасындағы байқау қорытындысы

None
АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті дене тәрбиесі және спорт тақырыптарын қаламдарына арқау еткен отандық БАҚ өкілдері арасында өткен С.Бердіқұлов атындағы сыйлыққа арналған байқаудың қорытындысын шығарды.

Бұл туралы Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Спорт журналисі, көсемсөзші және қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлыққа үміткер ретінде бұған дейінгі байқауларға қатыспаған журналистер бақ сынай алды. 2011 жылдың 1 қазаны мен 1 желтоқсаны аралығында өткен байқауға еліміздің 15 журналисі қатысты.

Байқау ережесіне сәйкес сыйлық үш ізденушіге беріледі. Оның екеуі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатын тұтқан қазақ тіліндегі материалдарға, үшіншісі орыс тілінде жарық көрген мақалаға табысталады.

Құрамына танымал спорт журналистері, қоғам қайраткерлері, Спорт комитетінің қызметкерлері кірген комиссия қорытындысы бойынша, 2011 жылға арналған С.Бердіқұлов сыйлығы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Дастан Кенжалинге, «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Дина Ысқақоваға және «Астана спорт» газетінің тілшісі Жанар Өтешоваға берілді.

Конкурс жеңімпаздарына дипломдар, ақшалай сыйақылар және «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты» төсбелгілері табыс етіледі.