С. Дьяченко Ван Гоцин бастаған қытайлық делегациямен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Сыртқы істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ван Гоцин бастаған қытайлық делегация өкілдерімен кездесті.

Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара іс-қимылды тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, парламентаралық байланысты пен мәдени қарым қатынасты арттыру мәселелері әңгімеге арқау болды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Қытай басшыларының салиқалы саясатының арқасында жыл сайын нығайып келе жатқан достық, әріптестік, тату көршілік қарым-қатынасты алға тарта келіп, Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР Төрағасының «Бір белдеу-бір жол» бастамасы ұзақмерзімді өзара ортақ іс-қимылдың жарқын көрінісіне айналғанына назар аударды. Аталған бағдарламаларды табысты жүзеге асыру екі ел дамуына да тың серпін беретіні атап өтілді. Бұдан бөлек, трансшекаралық су ресурстары саласындағы ықпалдастық та екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі екені айтылды.

Өз кезегінде С. Дьяченко әңгіме барысында Елбасының бес институтционалды реформаларын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына, оны заңнамалық қолдау жұмыстарына тоқталып өтті.

Ал делегация басшысы Ван Гоцин қос мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 23 жыл ішінде тату көршілік сипатына сызат түсірмей, керісінше жыл сайын тереңдеп келе жатқанын, әсіресе АӨСШК, ШЫҰ секілді халықаралық ұйымдар аясында Қазақстан мен Қытай елдері ықпалдастығының арта түскенін жеткізді. Осыдан 12 жыл бұрын Қазақстанға тұңғыш рет іс-сапармен келген мәртебелі мейман біздің еліміздің даму қарқыны таңқалдырғанын айтып, болашақта да толағай табыстар тіледі.

С.Дьяченко мен В. Гоциннің ортақ пікіріне сүйенсек, осы тектес іссапарлар мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі күшейте түседі.

Кездесуге сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары М. Әшімбаев, В. Косарев, К. Бұрханов қатысты.