С гепатитіне қарсы дәрі-дәрмектер Қазақстанға 1,5-2 айдың көлемінде жеткізіледі - Ж.Досқалиев

СТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - С гепатитіне шалдыққан науқастарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде берілуі тиіс дәрі-дәрмектерге мемлекеттік сатып алулар аяқталды.

Бұл туралы бүгін журналистердің сұрақтарына жауап берген Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні тендер аяқталды және конкурстың нәтижесі шығарылды. Балаларға қажетті дәрі-дәрмектер 1,5-2 айдың көлемінде Қазақстанға жеткізілетін болады», - деп атап өтті ол.

Министрдің айтуынша, С гепатитіне қарсы препараттармен тек лейкемиямен ауыратын балалар ғана емес, сондай-ақ ағзасында гепатит жұқпасының аталмыш түрі бар барлық науқастар жүз пайыз қамтамасыз етілетін болады. «Олардың барлығы тегін емделеді және алдағы уақытта медициналық мамандардың қатаң бақылауында болады. Рецидив болған жағдайда тиісті медициналық көмек көрсетіледі», - деді Ж.Досқалиев.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында лейкемия диагнозымен емделіп жатқан балалардың ата-аналары, өз балаларының орталықта гепатиттің С вирусын жұқтырғандығы туралы мәлімдеген болатын. Ал таяуда осы ата-аналар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында С гепатитіне қарсы берілуі тиіс препараттардың жоқтығын айтқан еді.