С. Қайырбекова фармацевтикалық қауымдастықтармен дәрілік заттардың бағасының өсуіне жол бермеуді қарастыратын құжатты бекітті

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанадағы «Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» атты дөңгелек үстел барысында дәрілік заттардың бағасының өсуіне жол бермеу бойынша меморандум бекітілді.

Атап айтқанда бұл құжатқа Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, «ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығы, Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы, «Фармацевтикалық өнім дистрибьюторлары» қауымдастығы, Қазақстандағы фармацевтикалық фирмалар өкілдіктерінің қауымдастығы қол қойды.

Айта кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында денсаулық сақтау ұйымдарын дәрілік заттармен қамтамасыз ету министрлік бекіткен тізім бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы жүзеге асырылады.

Меморандум дәрі-дәрмек бағасының өсімін тежеуді және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмеген 200 дәрілік заттардың атауына нақты бағаны белгілеуді көздейді.

Сонымен қатар аталған жиын барысында қатысушылар мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар арасында денсаулық сақтау саласы бойынша өзекті мәселелерді талқылауда. Атап айтқанда, онда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асырудағы ҮЕҰ рөлі, дұрыс тамақтану мен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі, қант диабетімен ауыратын емделушілердің өмірін жақсарту бойынша әлеуметтік жобаны іске асыру тұрғысындағы және басқа да мәселелер қаралды.