С. Қайырбекова Қытайдан көшіп келген қандасымыздың жұмысқа орналасу мәселесін шешіп берді

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова халықты жеке өзі қабылдап,

сан алуан мәселелер бойынша кеңес берді.

Қытайдан көшіп келген қандасымыз Қайрат Айдархан министрдің қабылдауына бірінші болып кірді. Оның мамандығы - хирург. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы куәлігін алып, Астанадағы медициналық университетте іс-тәжірибеден өтсе де біраз уақыт бойы жұмыс таппай жүр. Осыған байланысты министрдің қабылдауына жазылып, бүгін өз шағымын жеткізді. Қ.Айдарханның мәселесі жақын арада шешілетін болды. Оны Астанадағы емханалардың біріне жұмысқа алуы тиіс.

Айта кетейік, министрдің қабылдауына орай «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлімі 15 адамнан тұратын арнайы тізімді дайындады. С.Қайырбекова осы тізім бойынша қабылдау өткізді. Бүгінде халықтың басым бөлігін жұмысқа орналасу, квота алу, тұрғын үй және тағы басқа мәселелер жиі мазалайды.