С.Кулагин Көкшетауға ресми сапарымен келген Израилдің Төтенше және өкiлеттi Елшiсi М.Бродскийді қабылдады

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгiн облыс әкiмi Сергей Кулагин Ақмола облысына ресми сапарымен келген Израиль Мемлекетiнiң Төтенше және өкiлеттi Елшiсi М. Бродскиймен кездестi.

Кездесу барысында аймақ басшысы өңiрдiң инвестициялық мүмкiндiктерi жайлы сөз қозғап, Израиль мемлекетiмен жақсы байланыстар орнатуға болатындығына тоқталды.

«Бiздiң елдер арасында экономикалық ынтымақтастық ұзақ жылдар бойы дамып келедi. Ақмола облысы жан-жақты экономикалық әлеуетке ие және ынтымақтастықты дамыту үшiн кез-келген ұсынысты қарауға даяр. Ең алдымен бiздiң өңiр аграрлы және астана маңындағы аумақ. Израиль мемлекетiнiң ауыл шаруашылығы саласындағы бай тәжiрибесi мен жоғары деңгейiн есепке ала отырып, бiз ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастықты дамытуды көздейміз. Ал, әлеуметтiк даму саласында екi ел арасында медицина саласы бойынша жақсы қарым-қатынас орнап келедi.

Ақмола облысының әкiмдiгi мен «All Energy LTD» израилдық компаниясы арасында Көкшетау қаласында ТЭЦ құрылысын салу бойынша меморандумға қол қойылды. Бiздiң өңiр инвесторлар үшiн қашанда ашық»,  дедi облыс әкiмі өз сөзінде. 

Михаэл Бродский өз кезегiнде облыс басшысына жылы қабылдауы үшiн алғыс айтып, Израиль мемлекетi қашанда Қазақстанмен ынтымақтасуға даяр екендiгiн жеткiздi.

Кездесудi қорытындылаған облыс әкiмi ақмолалықтардың израилдықтармен экономикалық қарым-қатынасты одан әрi дамытуға дайын екендiктерiн мәлiмдеп, мәртебелi мейманмен кәдесы­й алмасты.