S&P Қазақстанның несие рейтингін жақсартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - S&P рейтинг агенттігінің баспасөз хабарламасына сəйкес, Қазақстанның рейтингі «BBB-/A-3» деңгейіне дейін көтеріліп, «кері болжамнан» «тұрақты» дәрежесіне жақсарды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.

Болжамды оң бағытқа қарай қайта қарауға бірқатар факторлар əсер етті. Оның ішінде ақшалай-несие саясаты тиімділігінің артуы ерекше атап өтіледі.  Резиденттердің доллардағы депозиттерінің үлесі 2015 жылдың соңында 70 пайыз болған болса, 2017 жылғы шілдеде 48 пайызға дейін күрт төмендеген. «2016 жылдан бастап экономикаға, оның ішінде негізінен мұнайгаз саласына тікелей шетелдік инвестициялардың тұрақты келуін есепке алсақ, S&P бұдан соң сыртқы міндеттемелерді қаржының жылыстауы ретінде қарастырмайды», делінген министрліктің хабарламасында.

Бұдан басқа, Қазақстан «төмен деңгейіндегі таза несиегер» позициясын сақтап қалды. S&P бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш 2017 жылы 17 пайыз шамасында болып, болашақта қосымша қарыз алудың жоғары қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жерде ликвидтік активтердің, оның ішінде негізінен Ұлттық қор активтерінің 2017 жылдың соңында ЖІӨ көлемінің 40%-н құрайды деп болжанып отырғанын ескере кету керек. S&P деректері бойынша, жаңа салық кодексі де бюджетке түсімдердің ұлғаюына мүмкіндік бермек.

Қазақстанның рейтингіне Үкіметтің күшті фискалдық позициясы да әсер етті. Бұл жағдай шикізаттық тауарларға жоғары баға кезеңінде жинақталған қордың (әсіресе, Ұлттық қордың) арқасында мүмкін болып отыр. Сондай-ақ агенттік экономиканың нақты секторындағы экономикалық өсімді де атап өткен.

S&P бағалауы бойынша, нақты экономикалық өсім 2017-2020 жылдары орта есеппен 3%-ға жетеді. Бұған Үкіметтің инфрақұрылымдық бағдарламаларын жүзеге асыруы жəне Қашаған кен орнында мұнай өндірудің артуы әсер етеді. Сарапшылар сонымен бірге экономикалық өсімге мемлекеттік инвестициялар, экспорттың ұлғаюы жəне мұнай өндірудің артуы оң ықпал етеді деген сенімде.

«2011-2020 жылдары халықтың ЖІӨ жан басына шаққандағы өсімі 1,4% шамасында болатыны да атап өтілген. Жоғарыда келтірілгендердің барлығы 2017 жылдың басынан бері байқалып отырған макроэкономикалық белсенділіктің жақсаруының нəтижесі», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстан үшін оң несие рейтингі шетелден көптеп қаражат тартуға мүмкіндік береді, яғни біздің несие рейтингіміз жоғары болған сайын сыртқы нарықтағы қарыз алу шарты да жақсарады. Оң несие рейтингі Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың келуіне де ықпал етпек. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін  Moody's рейтинг агенттігі де Қазақстанның болжамын «терістен» «тұрақтыға» жақсартып, Қазақстанның тəуелсіз рейтингін  "Baa3" деңгейінде бекіткен болатын.