С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ардагерлері құрметтелді

АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қабырғасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бүгінде құрметті зейнетке шыққан ардагерлер құрметтеліп, төс белгілермен марапатталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Университеттің үздік қызметкері» төс белгісімен бұған дейін, үстіміздегі жылғы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында жоғары оқу орнында жұмыс істеген Ұлы Отан Соғысының ардагерлері марапатталған болатын.

 Университет ректоры Айтбай Бұлашев 26 төс белгі иегерін елдің жоғары білікті мамандарын даярлауға қосқан үлестері мен атқарған еңбектері үшін алғысын жеткізіп, ұзақ өмір мен денсаулық тіледі.

 Сондай-ақ осы күні университеттің Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығын орындау мақсатында Қамқоршылық кеңес құрылып, оның құрамы жасақталды. Кеңестің мүшелігіне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смайылов, «Агрофирма» шаруа қожалығының бас директоры Иван Сауэр, университеттің бірінші басшысы, студенттердің ата-аналары, БАҚ өкілдері және тағы басқалары енді. Оның төрағасы болып «Астана су арнасы» ҚКК директоры Жаңбыршы Нұркенов сайланды.

 А.Бұлашевтың айтуынша, Қамқоршылық кеңес ЖОО-ның білім беру үрдістеріне қоғамдық бақылау жүргізуге, мақсатты жарналар мен ерікті қайырымдылық қаражаттарының мақсатты жұмсалуына, сондай-ақ қаржылық-шаруашылық мәселелерге бақылау жүргізуге және ұсынымдық құжаттарды әзірлеуге құқылы. Мақсаты - ЖОО-нын дамытуға қатысты түйіткілдерді шешу және университетті жоғары білікті кадрларды даярлайтын орталық ретінде қалыптастыруға барынша атсалысу.