С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ базасында қазақстандық-қытайлық зертхана құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің базасында ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттайтын қазақстандық-қытайлық зертхана құрылады. Бұл жайында бүгін аталған университеттің басшысы Ақылбек Күрішбаев «Жібек жолының ғылыми инновациясы және ауыл шаруашылығы білімі альянсының» 2-ші отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде альянс құрамына Еуропаның ТМД елдерінің, Қытай, Араб елдерінің 60 жоғары оқу орны кіреді.

«Бұл неліктен біз үшін маңызды болып отыр? Себебі Жібек жолы елдерінің табиғи-климаттық жағдайы өте ұқсас. Мемлекет басшысы велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, әлемде бар дүниелерді алу керек деп тапсырма қойған болатын. Яғни жаслаған агротехникаларды, өсімдік сұрыптарын, жануарлардың тұқымын біздің жағдайымызға бейімдеу қажет. Мұны жасау ендігі уақытта оңай болмақ. Бүгінде біз осы іспен айналысып жатырмыз», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта елімізге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарының 38 сұрыпы әкелінген.

«Ендігі уақытта қытайлық әріптестерімізбен бірлескен ветеринарлық зертхана жасаудамыз, агроинжиниринг орталығын құрдық. Бұл қытайлық әріптестеріміздің біздің өнімдерді бағалауы үшін жасалып жатыр. Етіміз бен органикалық өнімдерімізді Қытайға экспорттаудағы басты проблема - өнімімізге консервативті қарым-қатынастың болуы. Қытайдың көптеген бизнесмені біздің өнімдерімізді білмейді. Турасын айтсақ, оның сапалы екендігіне сенбейді. Сондықтан Қазақстанда қытайлық ғалымдармен бірлесіп органикалық ауыл шаруашылығы, ветеринария бойынша бірлескен зертхана құруды ұсынамыз. Олар біздің профессорларымызбен бірге өнім сапасын тексеретін болады. Міне сол кезде қытайлық бизнесмендерге өнімдерімізді ұсынып, ол экспортқа жылдам шығарылады», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Университет басшысының айтуынша, аталған зертхана осы айдың ішінде ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қазақстанға сапары аясында ашылады.

«Ал органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау зертханасын келесі жылдың басында ашуды жоспарлап отырмыз. Бейжіңде Қытайдың Ғылым және технология министрінің жеке қабылдауында болдым. Ол біздің бастамамызға қолдау білдіріп, Қытайдың қаржы бөлетіндігін айтты. Біз зертхана ұйымдастырамыз. Меніңше ол бірнеше миллион долларды құрайды. Зертхана С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында құрылады», - деді Күрішбаев.