С.Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына орай «Сәкен оқулары» өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, ақын, жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толды. Саналы ғұмырын ұлтының қамын жеуге арнаған дара тұлғаның мерейтойы қарсаңында бірқатар игі шаралар қолға алынуда. Соның бірі - оқушылар арасында өтетін дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауы.

Қалалық деңгейде өткізілетін бұл сайыс 2014 жылы қазанның 15 күні Сәкен Сейфуллин мұражайында ақынның 120 жылдық мерейтойы қарсаңында қорытындыланады.

Байқаудың мақсаты - жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру, С.Сейфуллин шығармашылығын насихаттау, мектеп оқушылары арасында көркемсөз оқу шеберлігін дамыту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту

Астана қаласындағы 7-11 сынып оқушылары қатысатын байқауда 4 түрлі номинация сарапқа салынады. Атап айтқанда, «Сыр сандықты ашып қара» номинациясы бойынша ақынның поэзиялық шығармасын мәнерлеп жатқа оқу, «Тар жол, тайғақ кешу» номинациясы бойынша прозалық шығармасынан үзінді оқу, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» номинациясы бойынша Сәкен әндерін орындау және «Сәкеннің аманаты» атты Сәкен өмірінен сахналық көрініс қою қамтылады.

Байқау жеңімпаздары үшін бір-бірден бірінші, екінгші, үшінші орындар және екі ынталандыру сыйлығы тағайындалған.

Әр мектептен екі оқушыдан ғана қатыстырылады. Үміткерлер 10 қазанға дейін seifullin_museum@mail.ru электронды поштасына өтініш хаттарын жолдауы тиіс, деп хабарлайды Әдебиет порталы.