С.Стойлов: Менің жігіттерім қорыққан жоқ, нағыз футбол ойнады

АСТАНА. ҚазАқпарат - УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өз алаңында Мадридтің 'Атлетико' клубын қабылдаған 'Астана' əлемдегі атақты командамен тең ойын көрсетті. Осылайша, төртінші кезеңдегі матчта 'Астана' мен ' Атлетико' клубтары бір-бір ұпайға ие болды.

"Астана-Арена" стадионында өткен матчтан кейінгі баспасөз мəслихатында "Астана" клубының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов команданың бүгінгі ұпайы бүкіл Қазақстанның ұпайы деген ойын жеткізді. "Бүгін команда барын салып ойнады. Ұйымдаса ойнады, ереже бұзбауға тырысты, жеңіске деген құлшыныс пен мықты мінез таныта білді. Өз деңгейімізбен алып қарағанда, "Атлетико" сияқты азулы командаға қарсы бар күшімізді сала ойнадық. Менің жігіттерім қорыққан жоқ, нағыз футбол ойнады, барын салды. Менің ойымша, "Астана"-ның бүгінгі ұпайы - бүкіл Қазақстан футболының ұпайы", - деді С.Стойлов. Естеріңізге сала кетейік, "Астана" футбол клубы УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыққан Қазақстанның тұңғыш командасы.