Одақтың төрағасы мен басқармасын қайта сайлау - съездің басты тақырыбына айналды.
Үміткерлердің сайлауға қатысу туралы өтінімдері мен сайлауалды бағдарламалары биылғы жылдың 22 қаңтарына дейін қабылданған болатын.
Сонымен, сайлау қорытындысы бойынша берілген дауыстар тең түсті. Сондықтан, делегаттар теңтөрағалық жүйесін ұсынды.
Осылайша, режиссерлар Сламбек Тәуекел мен Ахат Ыбраев Қазақстан Кинематографистері одағының теңтөрағалары болып сайланды, - деп хабарлады Қазақстан Кинематографистері одағының мүшесі, белгілі кинорежиссер Рашид Нұғманов.
Айта кетелік, Қазақстан Кинематографистері одағын басқаруға үміткерлер қатарында суретші-аниматор Сәлімғали Мырзашев, продюсер Сергей Әзімов, кинооператор Әубәкір Сүлеев және режиссер Ақан Сатаев болды.
Съезд барысында Одақтың жарғысына түзетулер енгізіліп, бекітілді.
Таныстыра кетелік, Сламбек Тәуекел - кинорежиссер, сценарист, продюсер. 1991-2004 жылдар аралығында «Армысың, Наурыз!», «Жоғалған өлке», «Киіз үй гимні», «Асанәлі» секілді бірқатар деректі фильмдерді түсірген. Ал, өзінің тырнақалды көркем фильмі - «Батыр Баянды» 1993 жылы М. Жұмабаевтың поэмасының желісі негізінде түсірген.
2001-2004 жылдарда - «Қазақкинофест» АҚ теңтөрағасы, ҚР мәдениет пен өнерге қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік қорының атқарушы директоры, «Қазақстан республикалық телекорпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін осы телекорпорацияның бас продюсері қызметтерін атқарған.
2006-2008 жылдары екі сериялық «Махамбет» көркем фильмін түсірді. Фильмнің сценарийін Қазақстанның халық жазушысы, танымал ақын Олжас Сүлейменов жазған болатын.
Ахат Ыбраев - режиссер, продюсер және сценарист. 2012 жылы «Аңыздар кітабы. Құпия орман» шытырман оқиғалы көркем фильмін түсірген. Сондай-ақ, «Мозготрясы», «Жақсы адам», «Санжар мен Қайсар», «Нүркеновтер отбасы» атты сериалдарды түсірді және олардың продюсері болды. Бұдан басқа, «Күн сақшылары» және «Марко Поло» көпсериялы фильмдерінің продюсері болып та еңбек еткен.