ОРАЛ. ҚазАқпарат - Белгілі футболшы, бапкер Сергей Волгин бірінші лигада өнер көрсететін «Ақжайық» футбол командасының бас бапкері болып жұмысқа кірісті.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, кеше жаттықтырушымен келісімшартқа қол қойылды. Сергей Волгиннің кезінде Алматының «Қайраты» құрамында ойнағаны белгілі. Бапкер ретінде 2009 жылы «Қайратты», өткен жылы Қызылорданың «Қайсарын» премьер-лигаға алып шыққан болатын.
Жоғары лигаға қайта оралу міндеті қойылып отырған «Ақжайықтың» қазіргі жағдайы мәз емес, небәрі 12 ұпаймен сегізінші орында тұр. Маусым басында бас бапкер Бауыржан Баймұхамедов науқастанып қалғандықтан, жаттықтырушылық міндетін Артур Авакянц атқарып келген еді. «Ақжайық» өткен турда көш соңындағы Астананың «Бәйтерегінен» өз алаңында 0:3 есебімен ойсырай жеңіліп, масқара болды. Батысқазақстандықтар келесі кездесуін 7 маусым күні Ақтауда турнир кестесінде бірінші орында келе жатқан «Каспиймен» өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).