Саакашвилиге қарсы қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузия прокуратурасы бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол «қызметін асыра пайдаланып жапа шегушінің ар-намысына тиді» деп айыпталуда. Бұл үшін 8 жылға дейін бас бостандықтан айыру қарастырылған.

Саакашвили 2007 жылы 7 қарашада көтеріліске шыққандарды басып, «Имеди» телекомпаниясын бұзу және бизнесмен Бадри Патаркацишвилидің мүлкін алуға қатысқан деп айыпталуда.

Экс-президентпен бірге бірқатар шенеунік те іс бойынша тергеуден өтуде: ІІМ бұрынғы басшысы Вано Мерабившили, экс-прокурор Зураб Адеишвили, қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Давид Кезерашвили, сонымен бірге Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Укулава.

Саакашвили дүйсенбі күні прокуратураға шақыртылды. Алайда бұрынғы шенеунік белгіленген уақытта ведомство мекемесіне келмеді.