Сәби өлімін 3 есе азайттық: Астана дәрігерлері 463 грамдық нәрестені аман алып қалды

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық министрлігі ұйымдастырған баспасөз-турда БАҚ өкілдері Астанадағы Ұлттық ана мен бала орталығының шала туған сәбилерге қалай күтім жасалатынын көрді.

Ана мен бала орталығының кең залына бірнеше медициналық бесік орнатылыпты. Бізді ертіп жүрген мамандар назарымызды ең әуелі қабырғадағы бағдаршамға аудартты. Шала туған нәрестенің дыбыс жарғағы өте нәзік болғандықтан, шамадан тыс қатты дауыстан зақым алуы мүмкін көрінеді. Ал бағдаршам залдағы дыбыс толқындары күшейе бастағанда сары түске еніп, шектен тыс күшейгенде қызыл түс жанады. Осы арқылы мамандар залдағы дауыстың мөлшерін реттеп отырады. 

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Бірақ бұл бөлмеде шыбын ызыңы ғана естіледі деуге келмейді. Әр 2-3 секунд сайын құлақ пен жүйкеге жағымды сигналдар қайталанып тұратынын байқағанбыз. Дәрігерлер мұны нәресте ағзасына жалғанған аппараттардың дыбысы екенін айтты. Ол дыбыстар шақалақтың жүрек қағысы мен тамыр соғысының ырғағын дәлме-дәл беріп тұратын көрінеді. Дыбыстың ырғағы бұзылса, нәрестенің денінде өзгеріс пайда болды деген сөз. Осындай нәзік технологиялардың көмегімен адам қатарына қосылған ең кішкене сәбидің салмағы 463 грамм ғана болған.

Ұлттық орталықтағы жаңа туған сәбилерді реанимациялау және интенсивті терапиядан өткізу бөлімінің басшысы Ботакөз Әбентаева мұндай салмақтағы сәбилер өте сирек кездесетінін айтады. 

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

«Жыл сайын біздің Ана мен бала орталығына 700-800 бала түседі. Оның 70%-ы осы орталықтың перзентханасынан келеді. Бұлардың ішінде 25-28%-ы экстермалды салмақпен туады – 500 грамнан 1200 грамға дейін. Біз күтіп шығарған сәбилердің ең кішкенесі 463 грамм ғана болды. Шала туған сәбилердің 7-10%-ы ақыры шетінейді, 30-35%-ы мүгедек болып қалады. 1991 жылы шала туған сәбилер арасында өлім-жітім көрсеткіші 20% болса, қазір 4,1%», – дейді Б.Әбентаева.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығы департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова 2008 жылдан бері елдегі сәби өлімі 3 есе азайғанын айтады. 

«2008 жылы сәби өлімінің көрсеткіші әр 10 мың балаға 20,8 болса, 2023 жылы 7,8 болып тіркелді. 2009 жылы 500 грамм салмақпен туған сәбилердің бәрі шетінеген болса, қазір 50%-ы аман шығады. Жалпы республика аумағында шала туған сәбилерді күтетін 39 орталық бар», - дейді министрлік өкілі. 

Сондай-ақ, ол сәби өлімінің негізгі себептері жатырда тұншығу, пневмония, қан көп кету, ақаумен туу және инфекциялар екенін айтады.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Мағрипа Ембергенова 1 маусымнан бері акушерлік және неонатология саласындағы қызмет көрсету тарифі 60 пайызға, ал жаңа туған сәби күтімінің тарифін 35 пайызға көтерілгенін айтады. 

«Перзентханалардағы медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, салаға мықты мамандардың көптеп келуіне түрткі болады», - дейді департамент директоры.