Сәби түнде қатты жыласа ата-анасына айыппұл салына ма
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде баланың қатты жылағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ақпарат таралып жатыр. Осыған орай Абай облысы Полиция департаменті түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін заң нормасы дұрыс түсіндірілмеген.
— Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес, сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін үйде немесе оның маңында адамдардың тыныштығын бұзатын, қажетсіз және шу шығарушы әрекеттер құқық бұзушылық болып саналады. Полиция тексеру жүргізу үшін жеке немесе ұйым тарапынан түскен хабарлама немесе арызға сүйенеді. Әр хабарлама мұқият қаралып, істің жағдайы жан-жақты тексеріледі. Шу деңгейі үшін арнайы күндіз және түнгі уақыттағы шектеулер бар. Ал сәбилердің жылауы әкімшілік жауапкершілікке тартуға себеп болмайды, — деп түсіндірді облыстық Полиция департаменті.
Бұдан бұрын Қостанайда қар жаууына байланысты полиция қызметі күшейтілгенін жазған едік.