«Қазіргі таңда квазимемлекеттік сектордың жарғылықты капиталына қомақты қаржы жұмсалып жатыр. Ақшаны алады да, ешқайда жұмсамайды, яғни не экономиканы дамытпайды, не басқа да шараларды атқармайды. Осы орайда жоспар орындалмайды. 2016 жылы квазимемлекеттік сектордың жарғылықты капиталын қалыптастыруға 323 млрд. теңге бюджеттен қаржы жұмсалды. Ал пайдаланылмаған қалдық 113 млрд. теңгені құрады. Не себептен осыншама қомақты қалдық қалып, ақша жұмсалмай отыр? Неге жауапкершілік жоқ? Өйткені осы қаржыға бүкіл Қазақстандағы сумен жабдықтау жобаларын қаржыландыруға болады»,-деді депутат Нұртай Сабильянов ҚР Парламенті Мәжілісінде Үкіметтің 2016 жылға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептің таныстырылымында.
Өз кезегінде депутаттың сауалына ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жауап берді.
«Шоттарда қалдықтардың көбеюі туралы біраз сын айтылған болатын. Сондықтан бюджеттің заңнамаға тиісті өзгерістердің енгізілуінен, жарғылық капиталға берілген қаражат ары қарай игерілуі толықтай републикалық бюджетте инвестициялық жобаларды игерген кездегі тәсілдермен квазимемлекеттік секторға да қолданылады. Сондықтан қаржы арнайы шоттарда қалады, тек қана сметалық-жобалау құжаттарын бергеннен кейін, жұмыстарды орындаған соң осы шоттардан қаражат коммерциялық шоттарға жіберіледі. Осы орайда оларда бұл үдеріс тәртіпке келіп жатыр. Алдағы уақытта біз басқа ұстанымдарға көшуіміз керек болады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ұстанымдарына жақындаған сайын квазимемлекеттік сектордың капиталына беру азая түседі»,-деді министр.