Кітапты құрастырған белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай. Ол «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша «Қазақстан» баспасынан жарық көріп отыр. Кітаптың 1-ші бөлімінде "Өткен шақ елестері" деген атпен әйгілі өнер саңлағының өз қолымен жазып қалдырған жазбалары берілген. «Дариға дәурен» деп аталатын екінші бөлімде Сәбира Майқанова туралы естеліктер топтастырылған. «Кемсеңдеп қалған елің бар» деп аталатын 3-ші бөлімде КСРО және ҚазКСР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері дүниеден озған кезде ауыр қазаға қабырғасы қайысқан замандастары мен әріптестерінің естеліктері жинақталған.
«Ол кісі образды сырламайтын, боямайтын. Кестелейтін, кесте тігетін сахнада. Сәбира Майқанова өткен заманның тұлғасы емес. Ол қазір бізбен бірге жүр. Біз оның еңбектерін зерттеуіміз керек. Бұл жас актерлердің үстелінің үстінде тұратын кітап», дейді Сәбира Майқанқызының аманаты бойынша жазбаларына әдеби өңдеу жасаған Әшірбек Сығай.