Сәбит Дөнентаев туралы құнды деректер табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәбит Дөнентаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласынан ақын жайында тың деректер жеткізді.

Семейге арнайы сапарлаған ПМ­ПИ Бекмаханов атындағы ғылыми-библиографиялық кітапханасының төрағасы Қарлығаш Төлеубаева Шы­ғыс Қазақстан облыстық Абай атында­ғы әмбебап кітапханасы мен Абай қорық-мұражайында болып, тарихи деректермен танысты.

- Бұл еңбектерде С. Дөнентаевтың шығармашылығы мен оның сөзге ше­бер, шешен, ділмар, дарынды тұлға ре­тін­де ерекше қырлары жазылған. Мәселен, Сәбит Дөнентаевтың батасын алған қаламгер ақын Сәду Маша­қов­тың «Ақын Сәбит Дөнентаев» (есте қалғандар) атты қолжазбасы бар. Өз естелігінде ол 1925 жылғы ақынмен кез­десуі туралы жазады. Сәбит Дөнен­таев­қа 1905 жылғы революция туралы өлеңімді көрсеткенде: «Жақсы өл­ең тың тұрмыстан туады. Ақын тұр­мыс­ты жақсы білуі керек. Ақын болу бі­лім­ді керек қылады. «Білімсіз ақын - бейшара ақын», - деп Абай айтқан. Өлеңді жақсы жазу үшін жігер, талап керек. Сен 1905 жылы революциядан кейін тудың. Революцияны көрген жоқсың... Алайда, тек көрген нәрсеңді жазып, көрмегенді жазба десек, онымыз дұрыс та болмас. Өлең өмір тәжі­ри­бесінен зерттеліп туса, жақсы шы­ғады», - деп айтқан екен. Біздің мақ­сат - ақынның 120 жылдық мерейтойына орай оқырмандарға қаламгер туралы белгілі және әлі де беймәлім деректерді жинақтап, топтастыру, толық зерттелмей қалған қырларын ашу, - дейді Қарлығаш Көбетайқызы.

Қарлығаш Төлеубаева жеткізген еңбектердің ішінде «Демократия туын көтерген қаламгер» және ғалым, әде­биет зерттеушісі, филология ғылым­дары­ның докторы Ханғали Сүйін­шәлиев­тің ақынның 80 жылды­ғына орай «Дархан дарын иесі», Сәбит Дөнен­таев­тың ұлы Абайдан тәлім алғанын рас­тайтын Сәбит Мұқановтың 1951 жылы шыққан «Абайдың шәкірттерінің бесіншісі - Сәбит Дөнентаев» атты мақалалары, Дихан Әбілевтің 1981 жылы Алматы қаласында шыққан «Ой-толғау» кітабы, зерттеуші, ғалым Балташ Ысқақовтың «Мектеп» баспасынан 1966 жылы жарық көрген «Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы» кітабы, Ахат Құдайбердиевтің ақынның араб қарпінен аударған қолжазбалары бар. Айта кетерлігі, Абай қорық-мұра­жайын­да 1914 жылы 15 шілдеде жа­рия­ланған «Айқап» газетінің 13 санында Сәбит Дөнентаевтың «Көкшетаудағы көргендері» атты фельетоны мен өлең­дерінің араб қарпіндегі үлгісі, қол­таңбасы мен суреттері сақ­тал­ған.

Г.СЫДЫҚОВА