Садақа берудің электронды жүйесі мәселесіне тоқталған агенттік басшысы, «қазіргі кезде садақа жүйесі әзірге іске қосылған жоқ. Былтыр біз осы жүйені жасап, Діни басқармаға ұсынғанбыз. Қазіргі таңда бұл өте күрделі мәселе, өйткені бұны бірден енгізе салу жеңіл емес. Сондықтан да бүгінде Діни басқарма осы жобаны зерттеп жатыр. Біздің білуімізше, олар бірнеше облыс орталықтарында жоба ретінде бірнеше кезеңмен енгізуге ниетті», - деп нақтылады М. Әзілханов.
Сонымен қатар агенттік басшысы бұл жоба қаржымен қатар ұйымдастырушылық жұмыстарды қажет ететінін атап өтті. «Сондықтан да оларды (ҚМДБ) асықтырудың қажет жоқ», - деп түйді М. Әзілханов.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Қазақстанда садақа берудің электронды жүйесі құрылатыны хабарланған болатын. Бұл шаралар Қазақстандағы діни бірлестіктердің қаржылық жағдайының ашықтығына негізделген болатын. Атап айтқанда, сырттан келетін жат ағымдардың елдегі діни мекемелерге қаржылық қолдау көрсетуіне және діни мекемелер қаражатының басқа мақсаттарға жұмсалуына тосқауыл қою мақсатында қолға алынған еді. Осы ретте басты шаралардың бірі садақа берудің электронды жүйесін енгізуге байланысты болып отыр. Бұл жоба аясында мешіттерге терминал секілді құрылғылар қойылады деп жоспарланған.