Ұштаған ауылының тумасы Рима Қайырғалиқызы негізгі мамандығы бойынша мұғалім. Қазір Ақтау қаласындағы ІТ мектеп-лицейінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Оның дәстүрлі садақ атуға деген қызығушылығы 2022 жылы Ақтауда «AR» дәстүрлі садақ ату орталығы ашылған кезде басталған.
– Достарыммен бірге орталыққа барып, садақ атуды үйрене бастадым. Негізі бұл қызығушылықтың тамыры бала күннен бастау алады. Ауылда жүргенде сымнан садақ жасап, қолдан оқ дайындап ойнайтынбыз. Бала кездегі сол әуестік кейін шынайы спортқа ұласты, – дейді ол.
Уақыт өте келе ол тек спортпен айналысып қана қоймай, жаттықтырушы ретінде қызметке де бет бұрды. 2023 жылдан бастап дәстүрлі садақ атуды үйретіп, бірнеше спортшыны түрлі жарыстарға дайындады. Кейін Маңғыстау облыстық ұлттық спорт түрлері орталығында дәстүрлі садақ ату бөлімі ашылған соң, аға жаттықтырушы ретінде жұмысқа қабылданған.
Рима Атабаеваның айтуынша, жаттықтырушы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе шәкірт тәрбиелеуде ұстаздың жеке үлгісі ерекше рөл атқарады.
– Балаға құр сөзден гөрі іс арқылы әсер ету маңызды. Сондықтан шәкірттеріме тек спортты ғана емес, тәртіпті, сабырлылықты, жауапкершілікті де үйретуге тырысамын. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім – жетістікке бастайтын басты факторлардың бірі, – дейді жаттықтырушы.
Ол спорттағы алғашқы қадамдарын да ерекше әсермен еске алады. Арнайы жаттығу алаңы болмаған кезеңде нысананы көлігіне тиеп алып, қала сыртына шығып жаттығатын болған.
– Алғашқы жарыстарда қатты толқыдым. Әсіресе 50-60 метр қашықтықтан атқанда оғым нысанаға тие ме деп қобалжыдым. Алғашқы Қазақстан чемпионатында төртінші орын алып қалдым. Сол кезде дайындықты одан әрі күшейту керек екенін түсіндім, – дейді ол.
Бүгінде өңірде дәстүрлі садақ ату спортының деңгейі айтарлықтай өскен. Рима Қайырғалиқызының айтуынша, Маңғыстауда республикалық жарыстардың жүлдегерлерімен қатар, әлем және Азия чемпиондары да тәрбиеленіп шыққан. Жаттықтырушы өзі де спорттық шеберлігін шыңдауды тоқтатпаған.
2025 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен халықаралық ашық турнирге қатысып, тәжірибе жинақтаған. Ал жуырда өткен қалалық «Маңғаз мерген» ашық лигасында бас жүлдені иеленіп, мергендік шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
– Бұл жеңіс мен үшін ерекше маңызды. Біріншіден, шәкірттерімнің алдында ұстаз ретінде абыройымды арттырды. Екіншіден, балаларын маған сеніп тапсырған ата-аналардың үмітін ақтағандай болдым. Жарысқа аса көп дайындалдым деп айта алмаймын. Бірақ жинаған тәжірибе, дұрыс техника және ішкі тыныштық жақсы нәтиже көрсетуге көмектесті, – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде әйелдердің садақшылықпен айналысуына қоғам тарапынан оң көзқарас қалыптасқан. Қайта ұлттық спортқа қызығатын қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Мұның өзі дәстүрлі садақ атудың кеңінен насихатталып, көпшілік арасында танымал бола бастағанын көрсетеді.
Ұлттық спортты серік еткен Рима Атабаева үшін садақ ату – жай ғана жарыс немесе хобби емес. Бұл – ата-баба аманатына адалдық танытып, ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізудің бір жолы.
Бұған дейін жусаннан хош иістендіргіш диффузорлар дайындайтын Маңғыстаулық педогог туралы жазған болатынбыз.