Сәдібек Түгелдің сенімді өкілі Павлодар жұртшылығымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президенттікке үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілі, журналист Ғалия Балтабай Павлодар жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат кандидаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы мұражайда өткен жиында үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды платформасы талқыланды. Сенімді өкіл Ғалия Балтабай кездесуге жиналған көпшілікті Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасымен жан-жақты таныстырып, сұрақтарына жауап берді.

Жиналғандар алдында «Сағым жылдар» ансамблі өнер көрсетті. Ал ансамбльдің батагөй әжесі, Республикалық бата беруден өткен конкурстың жеңімпазы Бақытжамал Елеукенова үміткерге бата беріп, ақжол тіледі.