Садыр Жапаров Қазақстанның Сыртқы істер министрін қабылдады

Фото: СІМ

БІШКЕК. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Бішкекке ресми сапары аясында оны Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады.

Кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту әлеуетінің жоғары екені атап өтілді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасылып, халықаралық аренада күш-жігерді үйлестіруге дайындық расталды.

Садыр Жапаров Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар тұрақты оң серпінге ие екенін айтты.

– Бүгінде Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы байланыстар нақты практикалық мазмұнмен толығып, мемлекетаралық саяси диалог жоғары және ең жоғары деңгейде белсенді дамып келеді. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде сауда-инвестициялық, көлік-транзиттік және су-энергетикалық бағыттардағы маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде Қамбар-Ата ЖЭО-1 құрылысы бар, – деді Қырғызстан басшысы.

Өз кезегінде Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізін жеткізіп, жоғары және ең жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы туралы ақпарат берді.

– Қазақ-қырғыз қатынастары үлкен әлеуетке ие, жаңа сапалы мазмұнмен толығып, жыл сайын өрлеу жолымен дамып келеді. Ең алдымен, бұған Сіздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тұрақты саяси диалогыңыз ықпал етіп отыр, – деді министр.

Сонымен қатар ол екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Қазақстан Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарында. Өзара тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті қойылды, – деді Ермек Көшербаев.

Кездесу соңында тараптар екі елдің көпжақты форматтардағы ынтымақтастығына жоғары баға беріп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Тараптар бауырлас мемлекеттер арасындағы одақтастықты дәйекті түрде нығайту бағытына бейілділігін растады.

Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстанның сыртқы істер министрлері арасында келіссөздер өткендігі хабарланған болатын.