Қырғыз Республикасының президенті жиынды қорытындылап, биыл ТМД-ға төрағалық еткен Қырғыз Республикасы саммитті жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшін салғанын айтты.
«Жұмысымыз ұйым қызметінің тиімділігін арттыру, Достастық кеңістігінде интеграциялық процестерді тереңдету және мүше-мемлекеттерді шешім қабылдау және оны жүзеге асыру процесіне қатыстыруға бағытталды. ҚР төрағалығы аясында Ұйымның саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да маңызды салаларында көптеген іс-шара өтті. Қырғыз елі төраға болған кездегі маңызды оқиғалардың бірі экология мен табиғатты қорғауға қатысты болды. Қырғыз Республикасы ұйым аясында серіктестіктің барлық қырына, оның ішінде өңіраралық серіктестік, қауіпсіздік мәселелері, халықаралық терроризм және ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселелеріне көңіл бөлді. Жиында гуманитарлық серіктестікті кеңейту және нығайтуға бағытталған келісімдер мақұлданып, шешімдер қабылданды», - деп атап өтті Садыр Жапаров.
ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев ТМД басшыларының отырысында халықаралық аренада, көпполярлы, әлемде өзара қарым-қатынасты реттейтін үш маңызды құжат қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол әр жиыннан кейін айтылған ұсыныстың бәрі талданып, бір құжатқа жиналып, сол идеялар мен ұсыныстарды жүзеге асыру жоспары құрылатынын айтты.
«Ешбір ұсыныс ескерусіз қалмайды, оларды тәжірибе жүзінде орындау үшін бар күш салынады», - деп саммиттегі сөзін қорытындылады С.Лебедев.