Садыр Жапаров V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Садыр Жапаров 8 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға келеді. Бұл туралы Қырғызстан президенті әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Әзімбақиев мәлімдеді, деп жазады Кабар агенттігі.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Спорттық іс-шараға 89 елден келген 3 мыңнан аса спортшы қатысады», - деді Мұратбек Әзімбақиев.
Еске сала кетейік, құсбегілік сайысы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына алғаш рет қосылғанын жазған едік. Сондай-ақ аталған дүбірлі додада қытай қазақтары арасынан әртүрлі салмақ бойынша 8 балуан бақ сынайды.
Айта кетсек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тұңғыш рет барлық құрлықтың өкілі бақ сынайды. Әлемдік додада спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.