Садриддин Ахмедов Таиланд турнирінде алтын олжалады
Қазақстан Бокс федерациясының хабарлауынша, Thailand Invitation International Boxing Tournament турнирінде Қазақстан намысын 7 боксшы қорғаған. Аталған турнирге өз командаларын жіберген 18 елдің ішінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін басты қарсыласы Куба мен Өзбекстан спортшылары болды. Боксшыларымыздың тек үшеуі ғана жартылай финалға 52 келіде Азат Махметов пен Ерік Әлжанов (75 келі) және Садриддин Ахметов (69 келі) шықты. Өкінішке орай Махметов пен Әлжанов сол кездеуде кубалық былғары қолғап шеберлеріне есе жіберіп, қола медальді қанағат тұтқан еді.
Ал 2016 жылғы жастар арасында бокстан әлем чемпионы Садриддин Ахмедов жартылай финалда филиппиндік Жоэль Бахоны жарыс жолынан ығыстырды. Финалда Риода күміс медаль иеленген өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіруі тиіс болатын. Алайда, өзбек спортшысы жұдырықтасудан бас тартып, тай турнирінің чемпиондық атағы қазақ боксшысына бұйырды.