Бүгінде дәстүрге айналған бұл жарыстың халықаралық мәртебесі бар. Биылғы турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей,Тәжікстан және Өзбекстаннан 150-ден астам боксшы қатысып, бірнеше күн бойы әр салмақ санатындағы мықтыларды анықтады.
"Осынау бокстан халықаралық турнирді аты аңызға айналған адамды еске алуға арнаймыз. Қазірдің өзінде бұл жарыстың өз тарихи мен дәстүрі бар. Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл өмірін Отанына қызмет етуге арнаған адам. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының басшылығымен ол қазіргі Қарулы күштеріміздің іргесін қалады. Мұндай адамдарды мәңгі есте сақтау керек, ұмытуға болмайды. Кез келген спортшы үшін турнирге қатысу және жеңіске жету үлкен мақтаныш әрі абырой", - деді Армия орталық спорт клубының бастығы А.Құрғамбаев.
Турнир қорытындысында елордалық Айдархан Нұқанов үздік боксшы атанды. Ал салмақ санаттары бойынша жамбылдық Асқар Қайсар (49 келі), алматылық Береке Смали (52), алматылық Алмаз Нұрғали (56), шығысқазақстандық Бекнұр Ожанов (60), өзбекстандық Джахонгир Расулов (64), елордалық Айдархан Нұқанов (69), ҚР ҚМ ЦСКА спорт клубының боксшысы Сапарбай Айдаров (75), Алматы облысының спортшысы Еркебұлан Әкімбай (81), ЦСКА боксшысы Мұхамеджан Еркін (91) және ресейлік Анлександр Сидорин (91 келіден жоғары) турнир жеңімпазы болды.
Айта кетерлігі, осы бәсекенің жеңімпаздары биыл 8-14 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ҚР Президенті кубогына арналған турнирге, 2019 жылдың 6-29 қыркүйегі аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін әлем чемпионатына кандидат ретінде қарастырылады.