Жаңа министрдің соңғы уақыттағы жағымды жаңалығы: алдағы үш-төрт жыл ішінде орыс тілінде оқитын жарты миллион оқушыны қазақша сөйлетпек, деп жазады «Айқын» газеті.
Бұл туралы министрдің: «Үш тілді оқыту мәселесін көтергенде, біз алдымен ағылшын тілі туралы айтып жатамыз. Ол дұрыс емес. Бұл жерде алдымен қазақ тілі туралы айтуымыз қажет. Тағы да атап айтамын, үштілділік - ол ең алдымен қазақ тіліне назар салады. Қазір оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде оқиды. Биыл Ұлттық бірыңғай тест тапсырған оқушылардың 72 пайызы сынақты қазақ тілінде тапсырды. Назарбаев зияткерлік мектептері грантының 70 пайызын қазақ тілінде оқыған түлектерге бөлінді. Сондықтан жағдайымыз жаман емес. Бірақ проблема неде? Қазір орыс мектептерінде оқитын 500 мың бала қазақша сөйлемейді. Сондықтан министрліктің алдындағы ең жоғарғы мақсат - 3-4 жылда сол 500 мың баланы қалай қазақша сөйлетеміз деген мәселе. Олар қазақша сөйлеуі керек ғой?» деген сөзі дәлел.
Жалпы, биыл министрлік мемлекеттік білім грантының санын анықтап, басым бөлігін қазақша мектеп бітіргендерге бөліп отыр. Министрдің грант санын өсіруіне Ұлттық бірыңғай тест тапсырған оқушылардың 72 пайызы сынақты қазақ тілінде тапсырғаны себеп болған сияқты. Бұған дейін қазақша мектеп бітіргендерге бөлінетін грант саны алпыс пайыз болатын. Оның өзі министр Жақсыбек Құлекеевтің кезінде жүзеге асырылған еді. Осыған дейін министрліктің мемлекеттік білім гранттарының алпыс пайызын қазақ бөліміне, 40 пайызын орыс бөліміне бөліп келгендігіне қынжылатындар да көп еді. Тіпті «елімізде қазақ тілінде орта мектеп бітіргендердің санының басым екенін ескерсек, бұл қазақ баласына жасалып отырған қиянаттай көрінеді» деп ренжігендер де болған.
Сол олқылықтың орнын толтырып, биыл Білім және ғылым министрлігі қазақ мектептеріне бөлінетін грант санын молайтты. Бұл туралы таяуда вице-министр Тахир Балықбаев мәлімдеген еді. Ол: «Биылғы жылы бөлінетін мемлекеттік білім грантының саны анықталды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 39 994 орын. Оның ішінде бакалавриат - 32 168 грант, магистратура - 7 241 грант, докторантураға - 623 грант бөлінді. Биылғы жылы да мемлекеттік гранттардың басым көпшілігі техникалық мамандықтарға беріледі. Техникалық мамандықтардың үлесі - 42,4 пайыз. Биылғы жылдың мемлекеттің тапсырысындағы басты ерекшелік - гранттардың оқу тіліне байланысты болып отыр. Мемлекеттік гранттардың 75 пайызы қазақ бөліміне және 25 пайызы орыс бөліміне бөлінетін болады. Осы уақытқа дейін гранттар екі тілге шамалас пропорциямен бөлініп келген еді. Бірақ мектеп бітірушілердің үлесі бойынша, қазақ мектебін бітіргендер орыс мектебін бітіргендерден басым. Сондықтан осындай шешімге келдік», - деді.
Жыл сайын орыс тілді мектептерге қарағанда, қазақша бітіргендердің үлес салмағы жоғары болса да, гранттар екі тілге шамалас пропорцияны сақтап келді де, қазақтілді оқушылардың мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсуіне мүмкіндік болмай қалатын. Биылғы жылы елімізде 124 379 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 84302 оқушы қазақ мектептерін бітірсе, 40077 оқушы - орыс тілінде. Қарасаңыз, қазақ тілінде бітірушілердің саны екі есе көп. Сондықтан, бұрынғыдай гранттардың пропорциясын сақтауға ұмтылудың қажеттігі болмай қалды.
Тағы бір мәселе, мектеп бітірген түлектердің дені техникалықтан гөрі, гуманитарлық бағыттарға барғанды қалайды. Ал министрлік жыл сайын техникалық мамандықтарға бөлінетін грант санын ұлғайтып келеді. Мектеп бітіруші түлектердің көбі осыны аңғармайтын секілді.
Сондай-ақ Сағадиев алдағы уақытта «орыс мектептерінде оқитын балаларды қазақша сөйлетеміз» деп отыр. Ол үшін не қажет? Алдымен, дұрыс оқыту әдістемесін жасау маңызды. Сонда ғана орыс мектептерінде қазақ тілінде өткізілетін сабақтардың шарты да, мазмұны да өзгере бастайды. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл әдістемені жасау үшін зияткерлік институттар бірігіп, дайындық жұмыстарын бастап кетіпті. Министр жаңа оқу құралы арқылы балалардың кемінде үш жыл ішінде қазақша сөйлеп кететініне сенімді. Біз де сенейік!
«Қазақ мектептерінде білім сапасы нашар» деген сыңаржақ пікірді естіп қаламыз. Соңғы жылдардағы ҰБТ қорытындысы бұл пікірдің мүлдем дұрыс емес екенін дәлелдеп отыр. «Алтын белгі» алған түлектер арасында қазақ мектебін бітірушілердің үлес салмағы артып отыр. Демек, «қазақ мектебін нашар» деп жамандай бермей, сол мектепті бітіруші түлектерге мемлекеттік гранттарды әділ бөлуге ұмтылушылықты қолдаған дұрыс деп есептейміз.
Жалпы, Қазақстанда орта білім беретін мектептерді орыс және қазақ мектебі деп бөле-жара қараудың уақыты өткен тәрізді. Мұның орнына республикамыздағы барлық мектеп «Мемлекеттік тілде білім беретін мекеме» деген мәртебеге ауыстырылып, оның ішінен «орыс тілін тереңдетіп оқытатын, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын» деп салалық бөлініске жатқызылғаны жөн көрінеді.