Сағадиев ХҒТО штаб-пәтерін ЭКСПО қалашығына орналастыруды ұсынуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, Халықаралық ғылыми-техникалық орталық ядролық қаруды таратпау мақсатында Еуропалық одақ, Ресей, АҚШ және Жапония арасындағы келісім ретінде 1992 жылы құрылған. ҚР Орталыққа 1995 жылы қосылған. Орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімге 2015 жылы Астана қаласында қол қойылған. Келісімде Орталықтың штап-пәтерін Ресейден Қазақстанға көшіру қарастырылған. Келісімге сәйкес, Қазақстан тарапы Орталыққа қызметтік орынжай береді. Бүгінде бұл Орталық Назарбаев Университетінің ғимаратында тегін орналасқан, шығындарды осы оқу орны төлеп келеді. Жылына 18 млн. теңге жұмсалады.

Атап айтқанда, қазіргі кезде министрлік «Астана ЭКСПО-2017» компаниясымен және Астана Қаржы орталығымен бірлесіп Орталықтың штаб-пәтерін көрме өткен соң ЭКСПО ғимараттарының біріне орналастыру мәселесін қарастыруда.

Орталық жаппай қырып-жою қаруы таратылуының алдын алу жөніндегі халықаралық тетіктерді жетілдіруге жәрдемдеседі. Аталған қаруға қолданылатын білім мен дағдыларға ие ғалымдар мен инженерлерге оқуға және олардың білімі бейбіт қызметте пайдаланылуы мүмкін орындарға боламалы жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

 «Орталық өз қызметін екі бағыт бойынша іске асырады. Біріншісі, ғылыми-техникалық жобаларға грант бөлу,  ал екіншісінде конференция және семинарлар өткізу қамтылада. Әр жоба бойынша орталық бөлетін грант сомасы ғылыми ұйымның сұраған сомасына байланысты. Әр жоба бойынша орташа 10 мыңнан 600 мың АҚШ долларына дейін болады.  Жобалардың жалпы ұзақтығы - 2-3 жыл. Өткен 20жылдың  ішінде Қазақстан ғалымдарына орталық бөлген гранттар көлемі 75млн. долларды немесе гранттардың жалпы санының 13 пайызын құрады. Осы кезеңде206 грант 5 мыңдай қазақстандық ғалымдарға бөлінді», - деді Е.Сағадиев.

Орталық ұсынған Қазақстандағы ғылыми бағаттар биотехнология, экология, ядролық реакторлар, материалтану, химия, физика салаларын ескеріп отыр.