Сағадиев үздік оқытушыларға 4,5 млн теңгеден табыстады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 200 ғалымға «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2016» атағын табыстады. Салтанатты шара Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Осы жолы аталған марапатқа 58 университеттің оқытушылары ілігіп отыр. Олардың ішінде 72 ғылым докторы, 102 кандидат, 18 PhD доктор, 2 магистр мен 6 аға оқытушы бар. Грант иегерлері жаңа талаптар бойынша іріктелген. Оған сәйкес, үміткерлердің соңғы бес жылдағы қызметі бағаланып, оқулықтар, оқу құралдары мен монографияларды ағылшын тілінде әзірлеу мен басып шығару, шет тілінде онлайн курстарды меңгеру және тағы басқа біліктілікті арттыру шаралары ескерілді. Осыдан бастап аталған марапат бір адамға он жылда бір рет берілетін болады.
    

Айта кетке жөн, 200 оқытушыға «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен бірге 2000 АЕК (1 АЕК - 2269 теңге - ред.), яғни 4 538 000 теңге көлеміндегі грант табысталып отыр. Аталған ақша ғылымға жұмсалуы тиіс. Осыған орай, биыл алғаш рет жұмыстың жылдық жоба-кестесі бағаланды. Оған сәйкес, атақ иегерлері грант есебінен әлемнің үздік университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілікті арттыру мақсатында тәжірибеден өте алады.