Сағат 12.00-ге дейін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында 3 миллион 185 мың 546 тұрғын дауыс берді - ОСК
13:27, 15 Қаңтар 2012
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана мен Алматы қалаларының және облыстық сайлау комиссияларының мәліметтері бойынша, бүгін, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында сағат 12.00-ге дейін барлығы 3 миллион 185 мың 546 адам дауыс берді.
Бұл туралы бүгін сайлаудың барысына қатысты өткен брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Үсен Жетенов мәлім етті.
Оның деректеріне қарағанда, сайлаушылардың Астанада 10,9 пайызы, Алматыда - 6,4, Ақмола облысында - 44,7, Ақтөбе облысында - 31,1, Алматы облысында - 57,1, Атырау облысында - 45,1, Шығыс Қазақстан облысында - 43,5 және Жамбыл облысында 38 пайызы дауыс берді. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы электоратының 22,1 пайызы, Қарағанды облысының 31,4, Қостанай облысының - 56,2, Қызылорда облысының - 55,6, Маңғыстау облысының - 23,3, Павлодар облысының - 33,3, Солтүстік Қазақстан облысының - 47,3 және Оңтүстік Қазақстан облысының 19,4 пайызы өз таңдауларын жасаған.
Дауыс беру 9 мың 764 сайлау учаскесінде жүзеге асырылуда.