«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Бас шырша шамдары жарқырай жанды» деген мақала жарияланды. Кеше кешқұрым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жағдайда елдің жаңажылдық бас шыршасының шамдарын жақты. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы өтіп бара жатқан 2010 жыл қазақстандықтар үшін тұрақтылық пен сенімге толы жыл болғанын атап көрсетті. Еліміз жаңа табыстар мен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан өз даму болжамынан көшілгері келеді. Ел экономикасы жоғары қарқынмен дамуда. Еліміз бойынша жаңа кәсіпорындар мен инновациялық өндірістер ашылуда. Бұл жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын бірнеше есе өсіретін болады. Оның барлығы сіздердің ата-аналарыңыздың жағдайын түзеп, балаларын оқытуға, спортқа баулуға, басқа да игі істерге септігін тигізеді. Келешек иелері, сіздер үшін біз елдің тәуелсіздігін орнатып, мемлекетті құрып жатырмыз, болашақтарың баянды болсын, жастарың ұзақ, ата-аналарың аман болсын, елдің үлкен азаматы болып, Отандарыңды сүйіп өтіңдер, деген аталық мейірмен балаларға қараған Елбасы барша қазақстандықтарға жаңа табыстар, зор денсаулық, ырыс пен баянды бақыт тіледі.
«Кеше Қазақстан қоржыны тағы сегіз алтын жүлдемен толықты. Таңертеңнен кешке дейін қымбат жүлдені алу оңай емес, әрине. Азиада басталысымен бір күнде осыншама алтын медальды санай алмай жүрген бізге каратэ-додан 60 кило салмақта сынға түскен Дархан Ассаділов пен 67 кило салмақтағы Ринат Сағындықовтың, оның алдында 400 метрге жүгіруде Ольга Терешкованың, үш қағып секіруде Ольга Рыпакованың, онсайысшы Дмитрий Карповтың, көркем гимнастикадан Қазақстанның әйелдер құрамасы мен боксшы Серік Сәпиевтің, жеңіл атлетикада 800 метрге жүгіруде мәреге бірінші жетіп, алтын жүлдені мойнына таққан Маргарита Мацконың бұл ерліктері расымен де еліміздің мерейін бір өсіріп тастағанын сөзсіз»,-делінген «Егемен Қазақстан» басылымында. Қытайдың Гуанджок қаласында өтіп жатқан 16-ыншы жазғы Азия ойындарынла отандастарымыздың қол жеткізген жетістігі жайында толық білгіңіз келсе, газеттегі «Сағат сайынғы алтын сыңғыры» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Қазақстан ЕҚЫҰ-ның араға он бір жыл салып, Астанада өткелі отырған ұлы құрылтайын тарихта қалдыру мәселесіне үлкен маңыз беруде, баса назар аударуда. Ақпарат өлкесі көсілген кең өріске ұқсайды. Ал Астана саммитіне сауын айтылуы осы өлкені дүр сілкіндіріп, дүбірге бөлеген. Бүгінде жаһандағы жаңалыққа құштар, елең еткізер жайтқа ынтық, шындықтың шың-құзына қиялай өрлеуге құмбыл журналистер қауымы «аттарына» қонып, қазақ елордасына аттануда. Ресми Астана оларды құшақ жая, қонақжайлылықпен қарсы алуға әзір екен. Тарихи оқиғаны көркемдікке бөлеп, сөзбен тербеп, жер-жаһанға жар сала таратар жандарға арналып, кеше бас қаламыздағы «Шабыт» өнер университетінің ғажайып ғимаратында Баспасөз орталығы ашылды»- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында жарық көрген «БАҚ-қа арналған Баспасөз орталығы ашылды. Оны Елбасының өзі аралап көрді» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Астана саммитін қалың жұртшылыққа таратар журналистерге қандай жағдай жасалғанын Елбасының өзі келіп, бақылап қайтты. Қазақ Ұлттық өнер университетінің сол жағалаудағы көк түсті ғаламат ғимаратында орын тепкен саммиттің Баспасөз орталығында журналистердің жұмысы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде ҚР-ның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Дәненовпен арадағы сұхбат «Франция ЕҚЫҰ саммитіне қолдау көрсетеді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: « Бүгін біз Франциямен жаңа, сапалы деңгейдегі ынтымақтастықтың принципиалды қатысушысы және куәгері болып отырмыз. Бұл ретте Н.Назарбаев пен Н.Саркозидің арасындағы жеке бас факторы, достық және сенім негізіндегі өзара қатынасы екі ел стратегиялық әріптестігінің дамуында айқындаушы мән-мағына ойнайды. Осы мән-жайдың арқасында барып Франция Қазақстанның тиісті Келісім-шартқа қол қойған Батыс Еуропадағы бірінші елі болды. Тек Халықаралық аренада тәжірибелі, нәтижелі және беделді саясаткер Президент Н.Назарбаевпен Франция басшысы әлемдік саясат және қауіпсіздіктің көкейкесті проблемалары бойынша тұрақты түрде диалог жүргізуге мүдделі», - дейді. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның жұма күні шыққан санын назарыңыздан жіберіп алмаңыз.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, өткен ғасырдың 70-жылдары Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты «Нұра» асылтұқымды қой шаруашылығы Қазақстан көлемінде кілем, трикотаж фабрикаларының бірқатарын жүнмен қамтамасыз етуге тікелей атсалысатын. Сол тұста республикадағы асылтұқымда қой шаруашылықтарында өндірілетін жоғары сортты жүн-түбіт өнімдері ел ішінде ғана емес, КСРО көлемінде кеңінен танымал, сұранысқа ие еді. Автордың айтуына қарағанда, арада небәрі 30-40 жыл өткенімен, Қазақстанда жүн-түбіт өндірісі тұралап қалды, шаруалар жылына екі мәрте қырқылатын қой жүнін өртеумен, жерге көміп тастаумен айналысатынды шығарды. Себеп біреу-ақ - жүнге сұраныс жоқ. Бұл мақала газеттің бүгнігі нөмірінде «Жылына 40 мың тонна жүн өртеп жатырмыз», деген тақырыппен жарық көрді.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Мұстафа Өстүрікті өз деңгейінде насихаттай алмай жүрміз» деген тақырыппен мақала берілді. «Шыны керек, бұл сұраққа таэквондоның төңірегінде жүрген мамандар ғана болмаса, қарапайым халық жауап бере алмайды-ау. Өйткені, жасыратыны жоқ, қазақ спортында өшпес ізін қалдырған нар тұлғамызды бүгінде өз деңгейінде насихаттай алмай жүрміз. Осы олқылықтың орнын сәл де болса толтыру мақсатында Мұстафа Өзтүріктің өмірінен азғана үзінді жариялағанды жөн көріп отырмыз», делінген мақалады.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі нөмірінде «Шанхайская сила единения» деген тақырыппен мақала басылды. Айта кетейік, Тәжікстан астанасы Душанбеде ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басылымның жазуынша, өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеруде тиімді шараларды ізденіп, енгізу, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық көрсеткіштерін арттыру жұмыстары бүгінге Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты ұстанымы болып табылады. Басылым бұған дәлел ретінде Тәжікстан астанасы Душанбеде ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына арналған мақаланы оқырман назарына ұсынып отыр.