Сағынтаев Ақмола облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарының технологиялық деңгейін бағалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ірі машина жасау кәсіпорны «Тыныс» АҚ-на барып, зауыттың ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізуге арналған әлеуетін бағалады, деп хабарлайды primeminister.kz .

Бақытжан Сағынтаев зауытты аралау барысында құбыр дайындап шығаратын цехты, өндірістік желілерді қарап шығып, өндіріс технологиясымен, жабдықтармен, сондай-ақ осында шығарылатын өнімдердің көрмесімен танысты.

«Тыныс» АҚ директоры Қайрат Қалманбаев ҚР Премьер-Министріне зауыттың қызметі мен технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу келешегі туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері және жұмысшылардың әлеуеті жаңа бағыттарды игеруге және нарықтың сұраныстарына шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Зауыт өндірістік қуаттылығын ұлғайту мен шығаратын өнімдерінің түрлерін көбейтуді жалғастыруда.

Еске сала кетейік, өнеркәсіптік кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Жаңғырту жұмыстары өнімділікті ұлғайтуға және шығарылатын өнімдердің сапасын арттыруға бағытталған.

 «Тыныс» АҚ авиация өнімдерін, өрт сөндіру құралдарын, газілмекті арматура, медтехникалар, полиэтиленді құбырлар, салмақ өлшеуші техникалар және т. б. шығарады. Зауыттың жөнге келтірілген өткізу нарығы бар, олардың қатарында Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Украина бар.

«Тыныс» АҚ аралау аясында қонақтарға жүк автокөлігі және шынжыр табанды техникаларды күрделі жөндеу қызметтерін ұсынатын Қазақстанның ірі кәсіпорны «ҚИ - 811 Автожөндеу зауыты» АҚ шығарған арнайы әскери техника көрмесі ұсынылды.