Сағынтаев Алматы тұрғындарына өз ауданын көркейтуге белсенді ат салысуға шақырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын өз ауданының көркеюіне белсенді ат салысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында жаңарған аулалар мен жаяу жүргінші аймақтарының қоғамдық кеңістік ажарын аша түскенін айтты.

«Ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде аумақтарды өзгертуге кешенді түрде қарап, шаң-тозаң болмау үшін барлық бос учаскелерді барынша көгалдандыруды тапсырдым. Биыл ауданда 205 аула, 9 сквер жөнделіп, 5 бос учаске, 2 жағалау аймағы абаттандырылды. №10 ықшамаудандағы жаяу жүргіншілер аймағы жөнделіп жатыр», - деп жазды Алматы әкімі.

Қала әкімі бұл жұмыстардың барлығы тұрғындармен өткен есеп беру кездесуінде айтылған өтініштер бойынша жасалғанын атап өтті.


«Адамдардың көңіл-күйінің қалай жақсарып жатқанын байқау қиын емес. Ықшамаудандар өмір сүруге ыңғайлы болып түрленді. Ыңғайлы орындықтар, ойындарға арналған үстелдер, балалар алаңдары тұрғындарға ұзақ қызмет етері сөзсіз», - деді ол.

Б. Сағынтаев қала тұрғындары бұрынғыша өздері тұратын жерді абаттандырып, гүлдер мен ағаштар отырғызуды қолға алса деген ұсынысын білдірді.

«Тәртіпті сақтап, балаларымызға қаламызға ұқыпты қараудың үлгісін көрсетейік», - деді мегаполис әкімі.