Сағынтаев ЕАЭО аясындағы сауда-саттық кедергілерін жоюға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі кедергілерді жою жұмыстарына ерекше мән беру керек. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үкімет басшыларының қатысуымен өтіп жатқан отырыста ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Сауда-саттықты ары қарай дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында кедергісіз ортаны құру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Бүгінде сауда-саттық барысында кездесетін 60-тан астам тосқауыл тізімі тараптармен айқындалды. Осы орайда оларды жою бойынша жол карталарын даярлау тұрғысында жұмыстар жүріп жатыр", - деп тоқталды Үкімет басшысы.

Бұл ретте Б. Сағынтаев аталған жол карталарын үкіметаралық кеңестің келесі отырысында қарастыру қажеттігін баса айтты.

"Сонымен бірге өзара саудада кедергілерді жою шараларына тыңғылықты мән берілу керек. Яғни, бұл жұмыстар тек қағаз жүзінде ғана ескерілмеуі тиіс. Сондықтан алдағы міндеттерді сапалы әрі тәжірибе жүзінде іске асыру қажет. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ келісімімен қарастырылған уағдаластықтарды орындау назарда болуы тиіс", - деді ҚР Премьер-Министрі.