Сағынтаев эстон бизнесмендерін Astana Hub-та жұмыс істеуге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Эстониямен ынтымақтастықтың келешегі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақсан Орталық Азияда инвестициялық климаты бойынша бірінші орында. Орталық Азияға салынып жатқан инвестициялардың 70 пайызы Қазақстанның үлесінде. Соңғы 10 жылда елімізге 250 млрд доллар шетелдік инвестиция салынған. Біз экономикамыздың түрлі секторына, әсіресе шикізаттық емес экспорт пен өңдеу өнеркәсібіне салынып жатқан инвестицияларды қуана қарсы аламыз», - деді Премьер-министр Қазақстан-Эстония бизнес-форумында.

Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызметтер, автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллектіні енгізуді мақсат тұтып отырғанын атап өтті.

«Премьер-Министр мырза (Юри Ратаса - авт.) бүгін агроөнеркәсіптік салада ынтымақтастықты нығайту туралы ұсыныс білдірді. Қазір ғана біз министрліктерімізге осы мәселе бойынша кездесу ұйымдастырып, осыны кеңесу жөнінде тиісті тапсырма бердік. Бәлкім, агроөнеркәсіптік кешенде біздің байланыстарымызды дамытуда ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол жеткізерміз. Сонымен бірге, цифрландыру мәселелерін талқылап, Еуропа елдеріне біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жайын да қарастыруға болады», - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы Astana Hub халықаралық орталығының жұмыс жоспары туралы да атап өтті.

«Ертең біз Astana Hub ІТ-стартаптардың халықаралық орталығының жұмысын бастаймыз. Аталған стартап-хабтың таныстырылымына қатысуға ниет білдірген Эстония Премьер-Министріне алғысымды айтқым келеді. Ертең Мемлекет басшысы қатысатын ол шараға бірге болатын болдық. Astana Hub орталығында бизнесті дамытуға арналған барлық мүмкіндіктер жасалған. Біз Astana Hub орталығының барлық шетелдік қатысушылары үшін еңбек және визалық режімді жеңілдеттік. Қазіргі таңда технопарктің резиденттері үшін салық салуды жеңілдету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда біз барлық тілек білдірушілерге стартап-хаб аумағында бірге жұмыс істеуге дайын екенімізді білдірдік. Келіп тіркелулеріңізге болады. Бізге келсеңіздер, біз тиісті гранттармен қамтамасыз етеміз. Егер баспана мәселесі бойынша сұрақ туындаса, біз ол жағын да ретке келтіреміз», - деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Astana Hub аймақтық инновациялық орталық ретінде технологиялық бастамаларды жүзеге асыратын болады.

«Барлық эстондық компанияларды Astana Hub-ты өз бизнесін белсенді жүргізуге боларлық алаң ретінде қарастыруға шақырамыз», - деді Үкімет басшысы.

Еске сала кетсек, аталмыш жиында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның көтерілуіне серпін берер басымдықтарды атаған болатын.